ҮЗДІК МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күнінде аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында ауданның үздік мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды. Олардың араларында республикалық, облыстық байқауларда бой көрсетіп қана қоймай, байқауларда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған өнер дарындылары көп.

Дарабоздарды құттықтауға келген аудан әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев: «Бұл салада тек өз ісіне шынайы ғашық адамдар ғана жұмыс жасай алады. Сіздердің ғажайыпты, мейірімділікті көре алуларыңыздың арқасында біз рухани дамимыз. Біздің ауданымыздың мәдениет саласында қызмет ететін еңбеккерлердің жетістігі өте жоғары. Басқа облыстан немесе қаладан келген қонақтар сіздердің өнерлеріңізге тәнті болып, тіпті өздеріне қызмет етуге шақырып кететіні бар. Алдағы уақытта өнер иелеріне бұрынғыдан да жақсырақ жағдай жасап, өнерлеріңізді шабыттандыруға үлес қосамыз. Ал сіздерге осы уақытқа дейін атқарып келе жатқан еңбектеріңізге зор алғысымды білдіремін», – деді.

Жақында республикалық додадан бас жүлдемен оралған «Аяназ» би ансамблінің жетекшілері мен оның шәкірттері, облыстық ән байқауларынан жүлдесіз қайтпайтын «Самғау» квартеті және басқа да еңбегі үстем болған қызметкерлер аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

З.БЕЙБІТҚЫЗЫ.